«Білім деңгейі және маман таңдау» тақырыбында қызықты интеллектуалды ойын
08.10.2025 ж. күні "Шаян" мектеп-лицейі" КММ-де 7 «А» сынып оқушыларымен З.Үмірзахова мен М.Хожамуратованың ұйымдастыруымен «Білім деңгейі және маман таңдау» тақырыбында қызықты интеллектуалды ойын өтті. Мақсаты: Оқушылардың мамандыққа деген қызығушылығын арттыру, өз болашағын саналы таңдауға мүмкіндік беру және еңбекқорлық пен жауапкершілікке баулу. Ойын барысында оқушылар "Дәрігерлер" және "Заңгерлер" атты екі топқа бөлініп, өзара білім мен тапқырлық жарысына түсті. Іс-шараны М.Хожамуратова жүргізіп, қатысушыларға мамандық әлемі туралы жалпы мағлұмат берумен бастады. 1-кезең: «Миға шабуыл» (Разминка). Бұл бөлімде әр топқа конверттер беріліп, ішіндегі тапсырмаларды 3 минут ішінде орындау ұсынылды. Тапсырма: берілген уақыт ішінде мүмкіндігінше көп мамандық атауын жазу. Қатысушылар белсенділік танытып, түрлі мамандықтарды еске түсіріп, шығармашылықпен жұмыс жасады. Осы кезеңде ерекше жылдамдық пен ұйымшылдық танытқан "Заңгерлер" тобы жеңіске жетті. 2-кезең: «Жұмбақтар» Бұл турда оқушыларға мамандықтар туралы жұмбақтар оқылды. Топтар қол көтеру арқылы жауап беріп отырды. Балалардың тапқырлығы мен жылдам ойлауы байқалып, бірінен-бірі асып түсті. Бұл кезең бойынша екі топ та тең түсті — білім мен зейін сынға түскен шынайы сайыс болды. 3-кезең: «Бұл қай мамандық?» Әр топқа түрлі мамандықтар жазылған қағаздар таратылды. Команда капитаны берілген мамандықты ым-ишара, қимыл арқылы көрсетіп, топ мүшелері оның атын табуға тырысты. Бұл кезең оқушылардың тапқырлығын, байқампаздығын және топтық үйлесімділігін көрсетті. Көрермендер үшін де ерекше көңілді әрі әсерлі сәттер болды. Бұл кезеңде де екі топ тең нәтижеге жетті. 4-кезең: «Құпия сөздер». Бұл топтық ойында қатысушылар сандар арқылы жасырылған мақал-мәтелдерді табуы тиіс болды. Әр топ берілген әліпбиге қарап, жасырылған сөздерді тез және дәл табуға тырысты. Бұл кезең оқушылардың логикалық ойлауын, бірлесіп жұмыс жасау қабілетін айқындады. Нәтижесінде, бұл кезеңде де "Заңгерлер" тобы жоғары нәтиже көрсетіп, ұпай бойынша алға шықты. Қорытындысы бойынша 4:2 есебімен "Заңгерлер" тобы жеңімпаз атанды! Ойын барысында оқушылар өз ойларын ашық жеткізіп, әр мамандықтың қоғамдағы рөлін терең түсінді. Барлық қатысушылар белсенділік танытып, өзара сыйластық пен ынтымақтастық рухында жұмыс істеді. Іс-шара соңында кәсіптік бағдар беру педагогы Н.Ауелбекова жеңімпаздарды құттықтап, қатысушыларға жылы лебіздерін білдірді. 💬 Оқушылар өз әсерлерімен бөлісіп, мамандық таңдау – жауапты әрі маңызды қадам екенін атап өтті. Осындай іс-шаралар оқушылардың кәсіби бағыт-бағдарын айқындауға, арманына ұмтылуға және еңбек адамына құрметпен қарауға тәрбиелейді. #Шаян_мектеплицейі #ИнтеллектуалдыОйын #МамандықӘлемі #КәсіптікБағдар
|

