«БАЛА ҚАУІПСІЗДІГІ – БАСТЫ НАЗАРДА»:
«БАЛА ҚАУІПСІЗДІГІ – БАСТЫ НАЗАРДА»: ТҮРКІСТАНДА АТА-АНАЛАРМЕН ЖАҢА ФОРМАТТАҒЫ ЖҰМЫС БАСТАЛАДЫ Түркістан облысында «Адал ата-ана — қауіпсіз балалық шақ» өңірлік тұжырымдамасы аясында ата-аналармен жүйелі әрі мазмұнды жұмыс жүргізілуде. 15-22 мамыр аралығында барлық білім беру ұйымдарында «Жанға жетер» атты ерекше форматтағы ата-аналар жиналыстары өтеді. Бұл кездесулер дәстүрлі есеп беру жиыны емес, ата-ана мен мектеп арасындағы ашық әрі шынайы диалог алаңына айналмақ. Жиналыстар барысында: «Өкініш пен сабақ» бөлімі арқылы жыл басынан бері орын алған келеңсіз оқиғаларға қатысты бейнематериалдар мен нақты деректер ұсынылады; «Аманатқа адалдық» тақырыбында ата-ананың бала алдындағы жауапкершілігі түсіндіріліп, заң аясындағы міндеттері кеңінен айтылады; Әр ата-анаға баласының жазғы демалысын қауіпсіз әрі тиімді ұйымдастыруға арналған арнайы чек-лист пен практикалық нұсқаулықтар таратылады. Сондай-ақ, мамыр айының соңында облыстық қорытынды форум ұйымдастырылып, бала қауіпсіздігіне қатысты халықаралық және отандық тәжірибелер талқыланады. Форум аясында: «Адал азамат» жобалары таныстырылып, балаларды жазғы уақытта волонтерлікке, кітап оқуға және спортқа баулу жолдары ұсынылады; «Түркістан облысы ата-аналарының бала қауіпсіздігі туралы манифесі» қабылданады. Бала қауіпсіздігі – тек мектептің емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Саналы ата-ана – қауіпсіз балалық шақтың кепілі.
|
