«Жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу
#Біртұтас_тәрбие 2023 жылдың 27 кыркүйек күні «Шаян» мектеп-лицей» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде «Жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі мектеп пен ата-ана байланысы» тақырыбында ата-аналар жиналысы болып өтті. Қатысушылар: Аудан прокуроры Байтелиев Мади Мұратбекұлы Аудандық білім бөлімінің басшысы Пернеев Ерболат Аманұлы «Шаян» мектеп-лицей» КММ-нің 5-11 сыныптар бойынша ата-аналары, мектеп ата-аналар комитетінің төрағалары, мектеп әкімшілігі. Мақсаты: Жасөспірімдер арасында құқық бұзушылықтың алдын алу және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету; Жиналысты «Шаян» мектеп-лицей» КММ-нің директоры Д.Амизов ашып, жүргізіп отырды. Күн тәртібіндегі мәселеге байланысты аудандық білім бөлімінің тәрбие саласы бойынша әдіскері Н.Бегеров баяндама жасады. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев биылғы жазда Түркістан қаласында өткен ІІ Ұлттық құрылтайда жастар тәрбиесіне мән беруді, олардың бойында жалпыадамзаттық құндылықтар мен ұлттық құндылықтарды сіңіруге тапсырма берген болатын. Нәтижесінде білім саласында «Біртұтас тәрбие бағдарламасы» қабылданып, Мемлекеттік құзырлы органдармен бірлескен кешенді іс-шаралар жоспары өндіріске ендірілді. Жоспарға сай мектептерде жастар бойына рухани құндылықтар, жалпыадамзаттық құндылықтар, ұлттық құндылықтарды сіңіруде «4 тоқсанда 4 өнер», «Еңбегі адал жас өрен», «Ұрпаққа аманат», «Жеткіншектің жеті жарғысы» секілді жобалар, «9 айда 9 іс-шара» тұжырымдамасы бастау алды. Атқарылатын жұмыстар мен алға қойған мақсаттар қоғамдық талаптарға сай тұлға тәрбиелеп шығары сөзсіз. Сонымен қатар, құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында аудан прокуратурасымен бірлесіп «Қауіпсіз болашақ» іс-шарасы, полиция бөлімімен бірлесіп «Жасөспірім», «Түнгі көшедегі балалар» атты іс-шаралар өткізілуде. Білім беру мекемелерінде бала тәрбиесіне байланысты жүргізіліп жатқан ауқымды жұмыстарға қарамастан, ата-ана тарапынан жіберілген олқылықтар нәтижесінде оқушылар арасында келеңсіз жағдайлар орын алуда. Бала тәрбиесіндегі ата-ана жауапкершілігінің төмендігінен оқушылардың автокөлік құралдарын заңсыз айдау фактілері; тұрғын-жайдан өз еркімен кетіп қалуы; түнгі уақытта заңды өкілінсіз тұрғын-жайдан тыс жерде мақсатсыз жүруі; мектепте пайдалануға тыйым салынған смартфондарды ата-ананың қадағалауынсыз пайдалануы бала тәрбиесіне кері әсерін берумен қатар келеңсіз жағдайларға ұрындыруда. Осы орайда тағы бір айта кететін жағдай бүгінгі ұрпақтың тағдыр-талайы өркениеттің дамыған кезеңіне тұспа-тұс келіп отыр. Бұл қай салада болмасын, адамға қажеттіліктің бәріне қолжетімділікті қамтамасыз етуде. Бұл бір жағынан жақсы болса, екінші жағынан, ұрпақ тәрбиесінде өз зардабын тигізбей отырған жоқ. Бұған дәлел заманауи үрдіске ілесеміз деп бала тәрбиесінде ұлттыққұндылықтардан алыстап бара жатқанымыз. Батыр бабамыз Б.Момышұлы айтқандай «Бесік жырын айтпайтын аналар, ертегі айта білмейтін әжелер, шежіре шертпейтін аталар» көбейді. Баланың қолында қымбат смартфондар жүр. Интернеттегі түрлі сайттардан тоқтамсыз келіп жатқан ақпараттарды әлі оң-солын танымайтын жеткіншек оны талғаусыз пайдалануда және оны шынайы кабылдап, оның ақыры ұрпақтың азғындауына тіпті, өлімге алып келіп соғуда. Қауіпті сайттарға кіріп кеткен жасөспірім түнде ұйыктамайды. Сабақта салғырт отырады, баланың психикасы бұзылып, өз әрекетіне саналы түрде жауап беру қабілетінен айырылуда. Бұл бағытта да білім беру мекемелері тарапынан біршама жұмыстар атқарылып, мектептерде дүркін-дүркін ата-аналар жиналыстары өткізіліп, түсіндірме жұмыстары жүргізілді. «Қауіпсіз интернет» атты республикалық ақпараттық кампаниясы ұйымдастырылып, ата-ана мен баланы қажетсіз сайттардан сақтандыру мақсатында түрлі іс-шаралар өткізіліп, жаднамалар таратылды. Мектептерде оқушылардың смартфондарды пайдалануына тыйым салу туралы мектептің ішкі тәртіп ережесіне өзгертулер енгізілді. Дегенмен, ата-ана тарапынан қадағалаудың аздығынан оқушылардың интернет желісіне шығуына мүмкіндігі бар телефондарды пайдалануына толықтай тыйым болмай тұр. Мектепте бала таңертеңнен түске дейін немесе түстен кешке дейін-ақ болады. Қалған уақытта баланы қадағалау ата-ана Сіздің тікелей міндеттеріңіз болып саналады. Ата-ананың бала алдындағы міндеті - оны киіндіріп, тамақтандырумен шектелмеуі тиіс. Себебі, бала тәрбиесі - өте күрделі үрдіс және ешқандай үзіліс, демалыс дегенді білмейді. Мектеп пен отбасы арасында саналы да тәртіпті бала тәрбиелеу үшін өте тығыз байланыс болуы керек. Бірлік арқылы біз көздеген мақсатымызға жетеміз және адамға тән жақсы қасиеттердің бәрін бойына сіңірген саналы ұрпақ тәрбиелеп шығарамыз. Абай атамыздың «Бала тәрбиесі басты байлығың, кешіксең көретінің қайғы-мұң»- деген өсиетінің өзектілігі күн санап өсуде. Ата-ананың басты міндеті және парызы - баласына жақсы тәрбие беру, оның ақыл ойын дамыту арқылы санасына үлгілі тәртіптің негізін қалау. Ендеше, ұрпақ тәрбиесіне атүсті қарамай, жасөспірімдер мәселесін шешу өз қолымызда екендігін ұмытуға болмайтынын баса айтты. Жарыссөзге шыққан аудан прокуроры Байтелиев Мади Мұратбекұлы Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу – қоғамдағы қылмыстың алдын алудың аса маңызды шарттарының бірі. Заңды, әлеуметтік пайдасы бар қызметке және қоғамға шынайы көзқарасын қалыптастырып, жас ұрпақты қылмыстық әрекетке жол бермейтін қағидаларға тәрбиелеу заман талабы. Кәмелетке толмағандар құқық бұзушылығының алдын алуды тікелей, не жанама көздейтін құқықтық актілердің көп болуы қоғамдық қатынастардың кез келген саласында кәмелетке толмағандар тұлғасының дамуын қамтамасыз ететін қолдау жүйесінің даму бағытын айқындайды. Әсіресе бұл қауіпті жағдайда тұрған және ерекше қорғау мен қолдауға мұқтаж жасөспірімдерге қажет. Балалар мен жасөспірімдерді тәрбиелеу мен оқытуда отбасының маңызы зор. Осыған орай Үкімет отбасының, соның ішінде кеңейтілген отбасының тұтастығын сақтауға баса назар аударып отырғандығын жеткізді. Аудан бойынша кәмелетке толмағандар құқық бұзушылығының алдын алу жұмыстарының шынайы, нәтижелі болу керектігін жеткізді. Қосымша жарыс сөзге шыққан аудандық білім бөлімінің басшысы Пернеев Ерболат Аманұлы, мектептің «Әкелер мектебі» кеңесінің төрағасы С.Тұржан ата-аналардың жауапкершілігі басым болу керектігін, бала тәрбиесі басты міндетіміз екендігін жеткізді. Жиналыс соңында ата-аналар бір ауыздан қолдау көрсетті. |
